ПАВЛОДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ
15.12.2020
Павлодар педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын марапаттау рәсімі өтті. Шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес ұйымдастырылды.
Университеттің басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жылбаев өзінің құттықтау сөзінде тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде мемлекетіміздің биік нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті:
«Біз өз халқымыздың тарихын жадымызда сақтап, осы қиын да өмірдің бұралаң жолынан сүрінбей өткенімізге мақтануға тиіспіз. Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясаты, халқымыздың ауызбіршілігі мен қоғам ынтымағы арқасында біз тәуелсіз, гүлденген, мықты мемлекетке айналдық».
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен филология ғылымдарының докторы, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Сейфитден Сутжанов марапатталды.
Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен жоғары педагогика мектебінің аға оқытушылары Исинбаева Кульгадиша Григорьевна мен Омарова Бакыт Жумашевна және өнер және спорт жоғары мектебінің доценті Марина Васильевна Семенова марапатталды.
Сондай-ақ бүгін университетіміздің 32 ардагер оқытушысы мен 23 қызметкері басқарма төрағасы – ректор Ж.Жылбаевтың құттықтау хаты мен құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қасымхан Мұхитов, ППУ Баспасөз қызметі