МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЮ РӘСІМІ ӨТТІ
20.02.2024
«Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ жұмыс беруші мен қызметкерлері арасында 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қойды.
Маңызды құжатқа қол қою барысында үш жылда бір рет қабылданатын ұжымдық шартта көзделген әлеуметтік кепілдіктер орындалатыны айтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік бағытқа басымдық беріледі.
Еңбек кодексінің 156-бабының 4-тармағына сәйкес, Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушының бұйрығымен ұжымдық келіссөздер жүргізу және жаңа ұжымдық шартты дайындау үшін екіжақты комиссия құрылып, оның құрамына жұмыс берушінің өкілдері және қызметкерлер кірді. Барлық мәселелер жұмысшылардың мүддесі үшін сындарлы диалог арқылы шешіледі.
Комиссия университет атауының өзгеруіне байланысты бұрынғы Ұжымдық шартты негізге ала отырып, толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады. Мұнда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Білім туралы», «Кәсіподақтар туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдарды мен ұжымнан түскен ұсыныстар ескерілді.
Келісім сондай-ақ жұмыс беруші мен қызметкерлердің өзара міндеттемелерін толығырақ баяндайтын 13 негізгі бөлімнен және 21-қосымшадан тұрады. Жұмысшылардың барлық кепілдіктері мен құқықтары сақталған, кейбір салаларда жақсартылған. Университет алдағы уақытта да еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізетін болады.