MU СТУДЕНТТЕРІ ФЕЙК ПЕН МАНИПУЛЯЦИЯНЫ АЖЫРАТУДЫ ҮЙРЕНДІ
21.09.2026
Марғұлан университетінде жастардың медиасауаттылығы мен құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған кездесу өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Асет Абжаков студенттерге фейк ақпаратты, манипуляция мен арандатушылық контентті қалай ажыратуға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ ақпаратты тексерудің маңыздылығы және әлеуметтік желілердегі эмоцияға құрылған хабарламаларға бірден сенбеу қажеттігі айтылды.
Одан бөлек, кездесуде этносаралық қатынастар саласындағы жастар мен азаматтық қоғамның құқықтық сауаттылығы ортаға салынды. Бұл бағытта әлеуметтану ғылымдарының докторы Сергей Коновалов сөз сөйлеп, құқықтық білімнің және қоғамдағы өзара құрмет пен жауапкершіліктің маңызына тоқталды.
Студенттер ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау, дереккөздерді тексеру және ақпаратты таратқанда жауапкершілік таныту мәселелерін талқылады.
Кездесудің басты түйіні — интернеттегі ақпараттың барлығы бірдей шынайы емес. Сондықтан кез келген мәліметке сын көзбен қарап, деректерді тексеріп, ақпаратты жауапкершілікпен таратудың маңызы зор.



