Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ЕКІБАСТҰЗДА МЕКТЕП МҰҒАЛІМДЕРІ МЕН ОҚУШЫЛАРҒА СЕМИНАР ӨТКІЗУДЕ

28.02.2024

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Екібастұз қаласындағы күні жалғасуда. Университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев бастаған делегацияны қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова қарсы алып, «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Мұнда жас ұрпақтың спорттық, шығармашылық, білім-ғылым, өнертапқыштық бағытында көптеген бастамалар қолға алынып, жобалар жасалуда. Одан кейін «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде мектеп директорларымен кездесу өтіп, бірнеше мекемеде мектеп мұғалімдеріне және оқушыларына арналған семинар-тренингтер өткізілді. Атап айтқанда, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бибігүл Нығметова мектеп директорларына орта білім беру ұйымдарын басқару менеджменті, білім беру жүйесінің заманауи әдістемесі тақырыбында тренинг өткізіп, мектеп көшбасшысының менеджерлік алгоритмін көрсетті. Одан бөлек университеттің оқытушы-профессорлары – Бауржан Урумбаев, Гүлмира Асылбекова, Руслан Асылбаев, Әлібек Елемесов, Майгүл Оразханова, Екатерина Гаранина, Айжан Макишева, Ырысгүл Шақаман, Татьяна Гаврилова, Роза Муканова, Марина Семенова №36, №26 мектеп-лицейлерінде әр мектептен жиналған үлкен сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, олимпиада тапсырмаларын талдау бойынша семинар өткізді.

Педагогика жоғары мектебінің деканы Ботакөз Нұрмағамбетова бастаған делегация мүшелері Естай атындағы музыкалық мектепке барып, мектепке дейінгі мекеме басшылары мен қызметкерлері үшін «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделі негізіндегі жаңа парадигма» тақырыбында семинар өткізді.

Марғұлан университеті жастар саясаты департаментінің тәрбие бөлімінің басшысы Бағдатжан Жүсіп, студенттік филармония директоры Абзал Абдоллаев және белсенді студенттер қауымы университет қабырғасындағы жастар саясаты, студенттерді шығармашылық дамыту жұмыстары жайлы атып берді. Сондай-ақ, оқушылар үшін сергіту сағатын өткізіп, түрлі қызықты ойындар жүргізді.