MU FEST 2026: 1700-ДЕН АСТАМ СТУДЕНТ СТУДЕНТТІК ӨМІРГЕ ҚАДАМ БАСТЫ
16.09.2026
Марғұлан университетінде студенттерді қабылдауға арналған дәстүрлі MU Fest кеші өтті. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған мерекелік шара университет табалдырығын алғаш аттаған студенттерге арналды.
Кештің ашылуында құттықтау сөз Марғұлан университетінің Басқарма мүшесі – даму және студенттермен жұмыс жөніндегі проректоры Серік Ильясовқа берілді. Ол студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, университет қабырғасындағы білім жолында сәттілік пен жарқын жетістіктер тіледі.
Мерекелік бағдарлама барысында «Муза» таланттар академиясының студенттері өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биден түрлі қойылымдар ұсынды. Жас өнерпаздардың өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
MU Fest – студенттерді университет өмірімен таныстырып, жаңа ортаға бейімделуіне, достар тауып, шығармашылық және қоғамдық ортаға белсенді араласуына мүмкіндік беретін дәстүрлі шара. Биылғы кеш те студенттер үшін жаңа оқу жылындағы алғашқы жарқын естеліктердің біріне айналды.



