Перейти к содержимому страницы.

Марғұлан университетінде Қарттар күніне арналған мерекелік шара өтті

Халықаралық қарттар күніне орай Марғұлан университеті мен білім ордасының бастауыш кәсіподақ ұйымы ардагер ұстаздар үшін ерекше мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Бүгінде университет қабырғасында 200-ден астам педагогикалық еңбек ардагері тіркелсе, солардың 50-ге жуығы әлі күнге дейін ұжыммен бірге еңбек етуде. Ұлағатты ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға құрмет көрсету мақсатында университет тарапынан материалдық көмек көрсетілді.

Мерекелік кештің шымылдығын университет ректоры Ержан Әмірбекұлының құттықтау сөзі ашты. Ол ардагерлерге білім беру саласындағы өлшеусіз еңбектері мен жас мамандарды тәрбиелеудегі үлестері үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Бибенур Байдалинова ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, ұлағатты еңбектері үшін зор ризашылығын білдірді. Ол аға буын өкілдерінің білімі мен өмірлік тәжірибесі жастар үшін үлкен мектеп екенін атап өтті.

Шара барысында жылы лебіздер айтылып, университеттің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ардагер ұстаздар да сөз алып, өткен күндерден естеліктер айтып, жас ұрпаққа ақ баталарын берді.

Ізет пен ықыласқа толы бұл күн ардагерлер үшін ерекше есте қалды. Марғұлан университеті алдағы уақытта да аға буын өкілдеріне қамқорлық көрсетуді, олардың еңбегін ұлықтауды басты міндеттердің бірі ретінде жалғастыра бермек.