«ҚИМАҚ ЕЛІНІҢ «АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ МҰРАСЫ» ЖӘНЕ ҚИМАҚ-ҚЫПШАҚ ЗАМАНЫНДАҒЫ ТРАНСЕУРАЗИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ертіс өңірінің тарихи мұрасы: Қимақ қағанаты және Қазақ хандығы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы шеңберінде 2021 жылғы 26 қарашада Қазақстан, Украина, Қырғызстан және Өзбекістан зерттеушілері қатысқан «Қимақ елінің «археологиялық мұрасы» және қимақ-қыпшақ уақытындағы трансеуразиялық байланыстар» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар үш мәселені қарастырды:
1. «Қимақ елі» мен шектес аумақтардың археологиялық мұрасы;
2. Қимақ-қыпшақ уақытындағы Еуразиядағы мәдениетаралық өзара іс-қимыл және көші-қон процестері (IX-XII ғғ.);
3. Қимақ-қыпшақ уақытындағы Ұлы дала халықтарының трансеуразиялық байланыстарын зерттеу контекстіндегі ғылыми ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері.
Жұмыс қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар мынадай ұсыныстар енгізді:
1. Қазақстанның, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінің ғылыми орталықтарының қатысуымен қимақ-қыпшақ және түркі мұрасын зерттеу жөніндегі халықаралық археологиялық экспедиция ұйымдастыру;
2. Дешті Қыпшақтың ортағасырлық археологиясы бойынша халықаралық ғылыми ақпараттық ресурс құру.
3. ППУ Margulan Centre базасында Еуразияның ортағасырлық көшпенділерінің археологиялық тоқыма бұйымдарын зерттеу және сақтау жөнінде тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-практикалық семинар ұйымдастыру.