Перейти к содержимому страницы.

ҒЫЛЫМ ОНКҮНДІГІ: СТУДЕНТТЕР СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ДЕРЕКТЕРМЕН ТАНЫСУДА

10.04.2026

Бүгін С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ғылым онкүндігі аясында «Сібір комитетінің материалдары — XIX ғасырдағы Қазақстан тарихының дереккөзі» атты ашық дәріс өтті.

Еске сала кетейік, гранттық қаржыландыру шеңберінде Марғұлан университетінің ғалымдар тобы Ресей мұрағаттары мен музей қорларында зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Зерттеу барысында бұрын белгісіз болған құнды деректер мен тың мәліметтер анықталып, олар өңір тарихына жаңаша көзқараспен қарауға және Қазақстан мен Сібір комитеті арасындағы байланыстарды тереңірек зерделеуге мүмкіндік берді.

Дәріс барысында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Анар Каримова «Тарих» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне Ресей империясы кезеңіне қатысты табылған құжаттар туралы кеңінен әңгімеледі. Ол архивтік материалдардан анықталған қызықты деректермен бөлісіп, олардың XIX ғасырдағы Қазақстан тарихын зерттеудегі маңызын түсіндірді.

Студенттер талқылауға белсенді қатысып, құжаттардың тарихи контексті туралы сұрақтар қойды, жекелеген деректерді нақтылап, оларды талдау әдістері мен ғылыми зерттеулерде қолдану мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.