Перейти к содержимому страницы.

ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДЕ МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КОМАНДАСЫ ЧЕМПИОН БОЛДЫ

28.02.2024

Академик Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай өткен үстел теннисінен республикалық турнир өз мәресіне жетті. Турнир ЖОО студенттері арасында «Jenipaz» теннис орталығында өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық ойында Ә.Марғұлан атындағы университеттің ұлдар және қыздар құрамасы I-орынды жеңіп алды. II-орын Астана қаласы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ командасының еншісінде. III-орынды Шәкәрім университеті (Семей қ.) иеленді.
Жеке біріншілікте қыздар арасында I орынды Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Алтынай Ержанқызы жеңіп алды. II орын Марғұлан университетінің студенті Айзере Зейнуллаға бұйырса, III орынды Шәкәрім университетінен келген Назерке Салыбай еншіледі.
Ұлдар арасынан I орынды Марғұлан университеті студенті Хазкен Әділ жеңіп алса, II орын тағы осы оқу орыннан Инырбаев Алишерге бұйырды. III орынды Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Мертен Кенжехан қанжығалады.
– Турнирде осал командалар болған жоқ, барлығы тыңғылықты дайындалып келгені байқалды. Тіпті айтарлықтай жетістігі мен тәжірибесі бар спортшылар да қатысты. Жарыс барысында теннисшілер өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді, - деп ойыннан алған әсерімен бөлісті М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж жаттықтырушысы Дәулет Әбішев.