Перейти к содержимому страницы.

ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ: КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ СПОРТТЫҚ САЙЫСТА БАҚ СЫНАСТЫ

14.09.2026

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің М. Қанапиянов атындағы жоғары колледжінде студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған Денсаулық күні өтті.

«Жасыл тоғай» аумағында ұйымдастырылған шара барысында студенттер спорттық жарыстарға, эстафеталарға, командалық сайыстар мен зияткерлік байқауларға қатысты. Әр кезеңде қатысушылар жылдамдық пен ептілікті ғана емес, тапқырлық пен ұйымшылдықты да танытты.

Шараның басты ерекшелігі – студенттердің командалық рухын нығайтып, бір-бірімен еркін араласуына мүмкіндік бергені. Жарыс барысында қатысушылар өзара қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмыла әрекет етті. Достық бәсеке мен көтеріңкі көңіл күй студенттердің белсенді демалысын мазмұнды өткізуіне ықпал етті.

Денсаулық күні – жастар арасында дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Мұндай кездесулер студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.