БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ КӨШБАСШЫЛЫҚ
13.09.2019
Бүгін Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне Назарбаев Университетінің декандары, ғалымдары мен ұстаздары, менеджерлері, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының өкілдері келді. Қонақтар ПМПУ басшылығымен, оқытушылар құрамымен бірге «Білім беру саласындағы көшбасшылық» бағдарламасы бойынша екі күндік семинар өткізеді.Семинар барысындаоқу орнына Назарбаев Университетінің тәжірибесін енгізу жұмыстары мен білім беру жүйесіндегі тәсілдер бойынша тренингтер, лекциялар жоспарлануда. Бүгін стратегиялық және тақырыптық топтарға бөлініп, алғашқы семинар-тернингтер басталып кетті.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек НУХҰЛЫ бұл шара оқу ордасындағы үлкен бастаманың бірі екендігін атап өтті:
- Бұл семинардан күтіп отырғанымыз өте зор. Өйткені, университетіміздегі құрылымдық мәселелер, ғылыми мәселе, ұйымдастырушылық жағы тағы басқа көптеген жұмыстарды өзгерту үшін Назарбаев университетінің үлгісін өзімізге қолдана білсек деген оймен жасалып жатқан жағдай. Сондықтан да бұл семинардың нәтижесі жақсы жағынан көрсетеді деген ойымыз бар.
Назарбаев Университеті жоғары білім беру мектебінің қосымша білім беру департаментінің директоры Жаңыл ЖОНТАЕВА бұл семинардың маңыздылығына былай тоқталды:
Біз енді екі күндік тренинг семинарға келіп жатырмыз. Ең бастысы – Педагогикалық университеттердің ішінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті алғашқылардың бірі болып осындай үлкен жұмысты бастап жатыр. Биылғы жыл ерекше жыл екендігін білесіздер. Әсіресе ұстаздарды дайындауда, ұстаздарға мән беруде, ұстаздардың статусын көтеруде, әзір заң да қабылдап жатқаны, үлкен жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Соның бірін Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінен көріп жатырмыз. Семинар мақсаты халықаралық дәрежедегі университеттің тәжірибесімен таныстыру. Осы педагогикалық университеттің кереметтей, елге көрсетерлік тәжірибесін өзімізге аламыз.
Шараның алғашқы күні «Ғылым не үшін қажет?»,«Көшбасшылық, басқару, менеджмент», «Ғылыми этика» сияқты тақырыптарда семинар-тренингтер өтті. Семинарға қонақтар мен ПМПУ ұстаздары, жиыны 70- тен астам адам қатысты. Оқу ордасының академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Елена ИГНАТОВА бұл шара туралы былай деді:
Делегация құрамы 9 адамнан тұрады. Біз екі күн бойы келген қонақтармен тығыз жұмыс істейміз. Елімізде жоғарғы білім беру саласы бойынша Назарбаев Университеті көшбасшы екені сөзсіз. Біздің мақсатымыз – осы оқу орнымен тең дәрежеде тәжірибе алмасу. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарына Назарбаев Университетінің оқыту жүйесін енгізу міндеті тұр. Бүгінгі шара арқылы біз бұл мақсатқа бір табан жақындаймыз.
Бұл шара жоғарғы білім беру жүйесі бойынша Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің жаңа сапаға қадам басқандығын айқындайды. Назарбаев Университетінің тәжірибесі мен жетістіктерін оқу ордасына енгізу ісінде бұл семинардың маңызы зор.
Жанасыл СЕРІКБОЛ, Қоғаммен байланыс жөніндегі департамент