ӘРКІМГЕ ТЕҢ МҮМКІНДІК
12.10.2026
Марғұлан университетінің студенттері ресурстық кабинетке барып, білім алуға қолайлы жағдай жасауға көмектесетін заманауи технологиялармен танысты.
Экскурсия барысында студенттерге Психологиялық қолдау орталығының жұмысы таныстырылып, оқу материалдарымен жұмыс істеуді жеңілдететін арнайы жабдықтар көрсетілді.
Атап айтқанда, үлкейтілген пернелері бар бейімделген пернетақта, трекболы бар арнайы компьютерлік тінтуір, Брайль қарпіндегі портативті дисплей, мәтінді дауыстап оқитын құрылғы және электронды үлкейткіш таныстырылды. Бұл құралдар көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға цифрлық ресурстарды пайдалануға, оқу материалдарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Университеттің Әлеуметтік қолдау офисінің басшысы Жүсіп Бағдатжан атап өткендей, мұндай кездесулер студенттерге білім беру ортасының баршаға қолжетімді болуының, өзара құрмет пен қолдаудың маңызын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Осындай бастамалар әрбір студенттің сапалы білім алып, өзін жайлы сезінуіне қажетті жағдай жасауға бағытталған.