Перейти к содержимому страницы.

ӘКЕ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

14.10.2026

Ертіс-Баян өңірінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілі, белгілі ақын, жазушы, аудармашы, киносценарист әрі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсаханұлы Қанапьяновтың 75 жылдық мерейтойына орай тағылымды шара өтті.

Мерейтой иесі туған өңірге арнайы ат басын бұрып, әке рухына тағзым етті. Марғұлан университетіне қарасты Мұсахан Қанапьянов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің алдында өткен салтанатты рәсімге ақын, прозаик Фархат Тамендаров, Қазақстандағы Нидерланд Корольдігінің құрметті консулы Шыңғыс Қанапьянов, «Жібек жолы» баспа үйінің бас директоры Ләйлә Өтебаева, Сұлтанбет Сұлтан қорының өкілі Жұмабек Камзин және колледж студенттері қатысты.

Марғұлан университетінің басқарма төрағасы - ректоры Алтынбек Нухұлы:

Бұл – ұрпақ сабақтастығын ұлықтап, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі өмір жолын еске алуға арналған мәні зор рәсім. Әке өнегесі мен тағылымы ұрпаққа өмірлік бағдар болатыны белгілі. Колледж студенттері үшін Мұсахан Қанапьяновтың есімін арқалаған білім ордасында оқу зор мәртебе деп есептеймін.

Жиынға қатысушылар колледж алдындағы Мұсахан Қанапьяновтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, көрнекті ұстаздың рухына құрмет көрсетті.

Мұсахан Қанапьянов – ұлағатты ұстаздық жолымен ел жадында қалған, артында өшпес із қалдырған тұлға. Оның есімін иеленген білім ордасында өткен тағзым шарасы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және өткенге құрмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналды.

Бақытжан Қанапьяновтың мерейтойы аясында әке рухына тағзым етуі – әулетке деген құрметтің ғана емес, туған жердің тарихы мен рухани мұрасына деген адалдықтың да көрінісі.