Бағдар беру
Павлодар педагогикалық университеті Педагогика жоғары мектебі кәсіби бағдар беру жұмысын жалғастыруда. Кезекті аялдама - Ақсу қаласының №1 және №2 жалпы білім беру мектептері.
Көктемнің алғашқы аптасы, яғни 3 наурыз күні «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім бағдарламасының профессоры Маржан Ахметкәрімқызы Кененбаева мен білім бағдарламасының жетекшісі, доцент Бағлан Мағауқызы Жапарова аталған мектептердің түлектерімен кездесіп, меңгеретін кәсіпті ерте әрі дұрыс таңдау, бұл - елімізді алға жетелейтін күш екенін атап өтті.
Дәстүрге айналған кездесуді шәкірттерінің ертеңіне елеңдейтін, әр оқушының келешекте дұрыс мамандық таңдауын №1 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары Клара Қамалбайқызы Жапарова ұйымдастырды.
Кәсіби бағдар беру шарасына мектептің 10 және 11 сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында Маржан Ахметкәрімқызы мұғалім мамандығының қыр-сырын, мәртебесі, педагог мамандарға бүгінгі күні қойылып отырған талаптар мен жауапкершілік жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
ЖОО оқытушылары білікті, жан-жақты маман даярлау үшін университетте жасалып жатқан жағдайларды айтып қана қоймай, мұндағы спорттық секциялар, түрлі үйірмелер мен жатақхана жайында бейнематериал көрсетілді.
Жүздесуге келген шәкірттердің арасында болашақ мамандығын таңдауда әлі де кесімді шешім жасамағандар да кездесті. Олар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауап алды. Педагог мамандығын таңдайтындарын да тілге тиек етті.