Перейти к содержимому страницы.

«ҒИБРАТ» СТУДЕНТТІК ҰЙЫМЫ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМЫН САХНАЛАДЫ

03.05.2024

Марғұлан Университетінде  шығармашыл жастардан құрылған «Ғибрат» студенттік театры жұмыс істейді. Мұндағы өнерпаздардың ізденімпаздығы мен таланты кәсіби әртістерден кем емес. Биыл осы студенттік театрдың құрылғанына – 5 жыл. Осыған орай жас әртістер есеп беру кешін ұйымдастырып, «Тастамашы, анашым» атты жаңа қойылымның премьерасын өткізді. Сондай-ақ, ән айтып, билеп,  өздерінің ерекше өнерін де ортаға салды.

«Тастамашы, анашым!» спектаклі башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың шығармасы желісі бойынша сахналанды. Шығарманың мағынасы терең, мазмұны көрерменді ойландыратын оқиғаларға толы. Атап айтсақ, жетімдіктің қамытын киген баланың басынан өткен аянышты жағдайлар ата-ананы қадірлеуге, құрметтеуге үндейді. Қойылымды тамашалаған жандар басты кейіпкер – Ілиястың жан-дүниесі мен бастан кешкен оқиғасы арқылы ата-анаға деген махаббатын, сүйіспеншілігін арттырады.

 - Ілияс ата-анасынан айырылып, кейін балалар үйіне түседі. Ол жерде көп қиындық көріп, тағдырдың ащы дәмін татады. Онымен қоймай балалар үйінде тапқан ең жақын досынан да айырылады. Бірақ соған қарамастан өмірдің барлық қиындықтарына төтеп беріп, барлығын жеңіп шығады, - дейді «Ғибрат» студенттік театрының әртісі Шерхан Жарылқасын.

 Ұйым жетекшісі Еркеш Саяның айтуынша, жас әртісте бір оқу жылында 5 қойылым дайындап үлгереді. Бұл олардың қорытынды кеші. Енді жаңа оқу жылында театрға әртістер қабылдап, көрерменге ой салар жаңа қойылымдар әзірлейміз дейді.

 -Қазіргі таңда бізде 40-қа жуық студент бар. Олардың басым көпшілігі – 1-курс студенттері. Сонымен қатар, 2, 3-курс студенттері де ойнайды. Әр оқу жылының басында іріктеу өткізіп, өнерге, театрға жақын жастарды қатарымызға тартып аламыз. Жалпы, қазіргі таңда «Ғибрат» ұйымының құрамына кіріп, өз өнерлерін шыңдағысы келетін жастардың қатары көбейген, - дейді «Ғибрат» студенттік театрының төрағасы Сая Еркеш.